Бүгін Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова бастаған Министрлік аппараты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдерімен кездесті.

Жиынға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев, Агенттіктің, Министрліктің және оған бағынысты ұйымдардың лауазымды тұлғалары қатысты.

Басқосуда сөз алған Ақтоты Райымқұлова сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі екенін атап өтті.

«Бүгінгі таңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың маңызды құралдары «Қазақстан-2050» Стратегиясы, Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы сияқты стратегиялық құжаттарда бекітілген. Сонымен қатар Мемлекет басшысының ел халқына жыл сайынғы жолдауларында айтылып келеді. Биыл 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына жолдауында Мемлекет басшысының назарын аударған міндеттердің бірі-сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес»,-деді министр.

Кездесуде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев, Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Парасаттылық департаментінің директоры Ғанижан Асанұлы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Превенция департаментінің басшысы Лейла Йылдыз, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 2-ші Департаментінің басшысы Сергей Перов баяндама жасады.

Жиын соңында Ақтоты Райымқұлова сыбайлас жемқорлықтың таралуына қарсы тұру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді саясатты әзірлеу және іс жүзінде іске асыру біздің мемлекет үшін кезек күттірмес мәселе екенін нақтылады.

«Басты міндет қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетаным мен құқықтық сананы қалыптастыру. Министрлік Агенттікпен өзара ынтымақтастық орнатуға әрдайым дайын екенін атап өткім келеді. Біз Министрлік Агенттікпен бірлесіп қабылдап жатқан іс-шаралар сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты тиімді іске асыруға ықпал ететініне сенімдіміз»,-деді Ақтоты Райымқұлова.